Бүгін алғашқы клиенттер Hyundai дилерлік орталықтарында автокөліктерді төлеу шоттарын алды. Бағдарламаға қатысушы банктердің бірі жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы аясында қарыз алушыларды қаржыландыру процесін бастады. Бұл жақын арада Қазақстан бойынша Hyundai дилерлік орталықтарында Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан жаңа автокөліктерді клиенттерге беру басталады деген сөз.
Қазақстандағы Hyundai дистрибуциясының директоры Денис Коломацкийдің айтуынша, ағымдағы жылдың соңына дейін Hyundai Trans Kazakhstan зауыты тағы 25 мың Hyundai автокөлігін шығарады, оның ішінде 20 мың автокөлікті клиенттер жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы бойынша сатып алу үшін қарастыра алады, яғни бұл автокөліктердің құны 15 млн. теңгеден аспайды.
«Шілде айынан бастап біз ай сайын нарыққа отандық өндірістің төрт мың жаңа Hyundai автокөлігін жеткізіп отыратын боламыз, бұл мемлекет бағдарламаға бөлген транш аясында жеңілдікпен кредит беру үшін жеткілікті. Біз дилерлерден автокөліктерге кезекті мүлтіксіз сақтауды талап етеміз. Егер әлдекімге жосықсыз фактілер туралы белгілі болса, 7007 нөмірі бойынша хабарлауларыңызды сұраймыз, қатаң жазалайтын боламыз!», - деді Денис Коломацкий.
Сондай-ақ, ол бағдарлама 30 жылға есептелгенін, яғни бағдарлама шеңберіндегі қаражат револьверлік және қайтарымды қаражат автокөлік сатып алғысы келетін жаңа клиенттерге бағытталатынын еске салды. Бұл ретте бағдарламаға басқа брендтердің отандық өндірушісі де қатысатынын ескерген жөн, осылайша нарықта жаңа автокөліктер көп болады.
Жартылай өткізгіштер дағдарысымен және логистикалық тізбектердің бұзылуымен байланысты әлемдік нарықта жаңа көліктердің жаппай тапшылығы жағдайында соңғы екі жылда Қазақстанда сұраныс ұсыныстан ондаған есе асып түсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша сатылымның жалпы көлемінен отандық өндірістің жаңа автокөліктерінің үлесі 62,2%-ды (73 178 бірлік), оның ішінде Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан шығарылған автокөліктердің үлесі – 31%-ды (22 729 бірлік) құрады. Бұл ретте жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы бойынша сатылым 2021 жылы Hyundai жаңа автокөліктері сатылымының жалпы көлемінің 3%-ын (681 автокөлік) құрады.
«Біз үшін бұл шағын көлем, Hyundai-нің жалпы сатылым көлемінің басым бөлігін қолма-қол ақшамен сатып алынған автокөліктер құрайды. Қалған бөлігін дилерлер басқа қаржылық бағдарламалар аясында жүзеге асырады. Яғни, жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы ең алдымен тұтынушыларға арналған. Біздің міндетіміз – өндіріс көлемін және автокөліктерге кезектің ашықтығын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Денис Коломацкий.
Hyundai дилерлік орталықтарындағы автокөліктерге кезек қолма-қол ақшамен сатып алушылар үшін де, түрлі қаржылық бағдарламалар бойынша сатып алушылар үшін де ортақ екенін айта кету керек. Жеңілдікпен кредит беру кезегін ЕДБ қалыптастырады және бақылайды.
Бағдарламаның жұмыс істеу алгоритмі:
•⠀⠀отандық өндіріс автокөлігінің клиент таңдаған моделі және жиынтықталымы болған жағдайда, клиент автокөліктің VIN коды міндетті түрде көрсетілген төлем шотын алады (шоттың әрекет ету мерзімі - 5 банктік күннен аспайды).
•⠀⠀клиент бағдарламаға қатысатын Екінші деңгейдегі банкке (ЕДБ) төлем шотымен жүгінеді
•⠀⠀бес күнге дейінгі мерзімде Банк клиенттің өтінімін қарастырады, клиенттің төлем қабілеттілігі мен кредиттік тарихын бағалайды және кредиттің берілуі мақұлданған жағдайда клиентке кепілдік хат береді. Клиент автокөлікті ресімдеу үшін дилерлік автоорталықта төлем шотын алған сәттен бастап бесінші банк күнгі сағат 18.00-ден кешіктірмей Банктің кепілдік хатын дилерлік орталыққа ұсынуы тиіс.
•⠀⠀20 күнге дейінгі мерзімде Банктің қаржы қаражатын тікелей клиентке беру, автокөлік сату бойынша құжаттарды ресімдеу және т.б. рәсімдер өтеді.
Жеңілдікпен автокөлік беру 2022 бағдарламасына қатысушы банктер: «Еуразиялық Банк» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, Forte Bank АҚ. Бұл тізім түпкілікті емес, екінші деңгейдегі банктердің өтінімдерін қарастыру шамасына қарай, Өнеркәсіпті дамыту қоры бағдарламаға қатысушы-серіктестерді қосып отыратын болады.